Павлодар облысының жолдарында жүргізушілер жол ережесін бұзып, ЖКО жасаған
Павлодар облысының жолдарында жүргізушілер жол ережесін бұзып, ЖКО жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 қаңтарда сағат 10.30 шамасында 30 жастағы жүргізуші Toyota Corolla автокөлігін басқара алмай, “Қызылорда-Павлодар” автожолының 1293 шақырымында кюветке аударылды.
Сол күні сағат 18.40 шамасында 36 жастағы жүргізуші “Қызылорда-Павлодар” автожолының 1297 шақырымында Toyota Estima автокөлігін басқара отырып, Қарасор ауылының ауданында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, тіреуіштерге (жол трассасының қоршау құрылымдарына) соғылды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі көлік те механикалық зақымданған. Зардап шеккендер жоқ.
– Осы фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Көлік құралдарының, жүктердің, жолдардың, жол және басқа да құрылыстардың немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан, материалдық залал келтірген көлік құралдарының жол жүрісі қағидаларын бұзуы, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе көлік құралын басқару құқығынан алты айға дейінгі мерзімге айыру көзделген, – деді Екібастұз қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтарда ауа райының нашарлауына байланысты (боран, нашар көріну) Павлодар облысындағы автожолдарда келесі бағыттар бойынша көлік қозғалысы жабылған: “Шідерті-Астана”, “Шідерті-Қарағанды”, “Павлодар-ШҚО”, “Екібастұз-Баянауыл”. Аймақта тұрақсыз ауа-райы сақталады. Осыған байланысты полицейлер тұрғындарға алыс қашықтыққа көлікпен жүруден бас тартуға кеңес береді.