Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар обылысында интернет-алаяқтыққа қарсы брифинг өтті

Павлодар обылысында интернет-алаяқтыққа қарсы брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мобильді байланыс құралдары мен интернет желісі арқылы жасалатын қашықтықтан алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында брифинг өтті.

– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, облыс аумағында интернет-алаяқтық фактілерінің өсуі әлі де байқалады. Биыл шамамен 2000 қылмыс тіркеліп, 28 адам мен 2 топ ұсталды, олардың қатысуымен 237 интернет-алаяқтық жасалған. Сонымен қатар, 8 SIM-бокс пен 1889 SIM-карта тәркіленді, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Кәдіржанов.

Спикердің айтуынша, өңір аумағында мобильді трафикті белсендірушілер анықталған. Олар абоненттік нөмірлерді тіркеумен және таратумен айналысқан. Олардың қолынан шамамен 250 дана SIM-карта тәркіленді. Бұл дерек бойынша төрт адам ұсталды, олардың үшеуі кәмелетке толмағандар.

"Антифрод-орталығы" аясында құқық қорғау органдары қаржы мекемелерімен өзара іс-қимыл жүргізуде. Жыл басынан бері банк шоттарын бұғаттау бойынша 3478 инцидент тіркелді. Жалпы бұғатталған қаражат көлемі 1 млрд 213 млн теңгеден асты. Аталған платформа арқылы 93 млн теңге дропперлерден қайтарылып, 32,9 млн теңге көлеміндегі қаражатты бұғаттау мүмкін болды, – деп атап өтті құқық қорғау қызметкері.

Аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында полицейлер облыстағы барлық дерлік кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізіп келеді. Қала және ауылдық жерлерде тұрғын үйлерге барып, түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Құқық қорғау органдары азаматтарды жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, SMS-хабарлама түрінде келетін растау кодтарын ешкімге айтпауға, беймәлім сілтемелерге өтпеуге және түсініксіз қосымшаларды орнатпауға шақырады.

"Заң мен тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдарының қызметінің негізі болып қала береді. Заң бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру