Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар обысында 471 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Павлодар обысында балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін 471 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында қабылданған шаралардың арқасында 11 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 44,2%-ға төмендегені байқалады.

– Балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін 471 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болғаны үшін 2 636 ата-ана жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті  Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.

Ювеналды полиция қызметкерлері білім беру органдарымен және жұртшылықпен бірге балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу бойынша жұмыс жүргізуде.

Жыл басынан бері полицияға балалар мен жасөспірімдерді іздестіру бойынша 162 шақыру келіп түсті.

– Мәселен, 1 желтоқсанда Павлодар қаласында Я.Геринг көшесінен кәмелетке толмаған 9 жастағы бала әжесінен серуендеуге рұқсат сұрап, үйінен шығып кеткен. Сағат 21.00-де әкесі бала үйге оралған жоқ деп полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бала Павлодар ауданының Мичурин ауылында тұрып жатқан анасының үйінен табылды. Ата-анасының ажырасқаны белгілі болды, – деп хабарлады Бибігүл Қамзина.

Полиция үйден бірнеше рет өз еркімен кетіп қалған, түзету жолына түспей, жүйелі құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға профилактикалық ықпал ету шаралары қолданылатынын атап өтті.

– Мысалы, Екібастұз өңірінде 15 жастағы жасөспірім үйден үш рет кеткен. Үйден кетуді жасөспірімнің өзі ересек өмірге деген ұмтылысымен түсіндіреді. Білім алып, ата-анасын тыңдағысы келмейді. Үйден кеткен кездерде түрлі құқық бұзушылықтар жасайды. Осыған байланысты сот оны Серебрянск қаласына девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатқа жіберу туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады Бибегүл Қамзина.

Кәмелетке толмаған баланың үйден кеткені үшін оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру