Павлодар полицейлері 50-ден астам қару тәркіледі
Павлодар полицейлері 50-ден астам қару тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 16 қаңтардан бастап ел аумағында, соның ішінде Павлодар облысында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
– Полиция қызметкерлері заңсыз сақталған қаруды анықтау бойынша мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізді, 900-ге жуық шаруа қожалықтары мен мал жайылым учаскелері тексерілді. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан 53 қару тәркіленді. Полиция органдарында тіркелмеген қаруды заңсыз сатып алғаны және сақтағаны үшін 33 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Мысалы, Павлодар қаласы Кенжекөл ауылының жанында BMW автокөлігі қалдырылған, оның салонында жүргізуші орындығының астында кастетке ұқсас зат табылды. Екібастұз қаласында күртешесінің қалтасынан нөмірсіз «801 ТУРЕ» электрошокері табылып, тәркіленген 22 жастағы азамат ұсталды. Тексеру кезінде бұл қару ішкі істер органдарында тіркелмегені белгілі болды.
Шарбақты ауданында 39 жастағы тұрғынның үйінен полиция органдарында тіркелмеген «ИЖ-К» 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Ертіс ауылында 23 жастағы ауыл тұрғынының үйінен тіркелмеген 16 калибрлі «ИЖ-58» тегіс ұңғылы, екі ұңғылы атыс мылтығы тәркіленді. Барлық фактілер бойынша баллистикалық зерттеулер тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Тәртіп сақшысы тұрғылықты жері бойынша 8 338 жеке қару иесі тексерілгенін хабарлады. Тексеру қорытындысы бойынша 240 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін 189 азамат жауапкершілікке тартылды. Тіркеу тәртібін 51 қару иесі бұзған.
– Аталған бұзушылықтарға жол берген, тіркелген қару иелерінен 272 бірлік қару тәркіленді. Барлық тәртіп бұзушылар мамандандырылған оқу орталықтарына қайта даярлауға жіберілді, – деді Василий Скляр.