Павлодар полицейлері айналымнан 19 қару бірлігін тәркіледі
Павлодар полицейлері айналымнан 19 қару бірлігін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қару-2021» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілген 14 күн ішінде Павлодар полицейлері айналымнан 19 қару бірлігін тәркіледі.
– Тәркіленгендердің қатарында тегіс ұңғылы, электрлік және қолдан жасалған қару-жарақ бар. Жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында облыс полицейлері тұрғылықты жері бойынша 3 995 жеке қару иелерін тексеріп, 126 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Ең көп таралған бұзушылықтардың бірі азаматтық қаруды сақтау тәртібін бұзу болды. Бұл ережені 115 қару иесі елемеген, олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді оларға 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.
Сонымен қатар 11 қару иесі азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін бұзды, тағы жеті қару иесі қаруды заңсыз иемденгені, бергені және сақтағаны үшін жазаланды.
Мысалы, 26 мамырда сағат 10:00 шамасында Кривенко көшесіндегі үйдің ауласында 46 жастағы павлодарлықтан электрошокер тәркіленді. Успен ауданында сағат 01:45-те Ақсу қаласы тұрғынының басқаруындағы Toyota автокөлігі тоқтатылып, қарау барысында автокөліктен электрошокер алынды.
Облыс орталығының 39 жастағы тұрғынының сөмкесінен «BLOW Compact» маркалы травматикалық тапанша тәркіленді. Тексеру кезінде полиция базасында ер адамның азаматтық қару иесі еместігі анықталды. Барлық алынған қарулар бойынша сараптама тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қару» жедел-алдын алу шарасы 2021 жылдың 17 маусымына дейін жалғасады. Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтардан қырағылық пен белсенді азаматтық ұстаным танытуды сұрайды. Егер сізде қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарылғыш құрылғылардың заңсыз айналымы немесе сақталу фактілері туралы ақпарат болса, бұл туралы полицияға 102 телефоны бойынша дереу хабарлаңыз.