Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар полицейлері ата-аналармен бала қауіпсіздігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізді

Павлодар облысында полицейлер ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық әңгімелер өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер елді мекендердегі аулаларды аралап, ата-аналарымен профилактикалық сипаттағы әңгіме өткізді.

– Ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту, күтіп-бағу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туралы еске салдық. Сондай-ақ 2024 жылдың 16 маусымында күшіне енген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңның нормалары туралы түсіндірдік, – деді Павлодар ауданы ПБ ювеналдық полицияның инспекторы Зарема Шаханова.

Инспектор ата-аналардың назарын балалармен сенімді қарым-қатынас орнату қажеттілігіне аударды, олардың өміріне, хоббиіне және айналасына көбірек қызығушылық танытуға кеңес берді, сондай-ақ жасөспірімдерге қатысты қылмыстардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналардың күш-жігерін полициямен және ұстаздармен біріктіруге шақырды.

Полицейлер ата-аналарды балаларға әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік ережелері туралы сақтандырады. Ешбір жағдайда жеке деректерді көрсетуге, өз аккаунтынан парольдерді жария етуге, белгісіз пайдаланушылармен сөйлесуге, қаскөйлер пайдалана алатын өздері және жақындары туралы жеке ақпаратты орналастыруға болмайтындығын айтты.

– Талқыланатын тақырыптар өте өзекті, сондықтан балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде күш-жігерді біріктіріп, қарым-қатынастың осы форматын жалғастыру қажет, – деп атап өтті инспектор Зарема Шаханова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру