Павлодар полицейлері көлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертеді
Павлодар полицейлері көлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін және жүргізу мәдениетін сақтауды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы ПД-ның мәліметінше, 110 скутердің жүргізушілері жауапқа тартылып, микромобильдер арнайы тұрақтарға орналастырылды.
Жазғы кезеңнің басталуымен облыс жолдарында микромобильді көлікті пайдаланушылар саны артты. Кейбір жүргізушілері жол қозғалысының қарапайым ережелерін білмей, қажетті негізгі білімі мен жүргізу дағдылары жоқ жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шықты, бұл жалпы апат жағдайына теріс әсер етеді.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ЖҚЕ бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, ең алдымен мопедтер мен самокаттарды пайдалану бөлігінде заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған пысықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Павлодарда небәрі бір күннің ішінде мамандандырылған автотұраққа 110 скутер мен мотоцикл орналастырылды. Жас жүргізушілер негізінен арнайы шлемсіз микромобильді көлік жүргізген, сонымен қатар сертификат және vin кодтары бар техпаспорты болмаған. Барлық мотоциклдер иелеріне құқық белгілеген құжаттар ұсынылғаннан кейін ғана қайтарылады, қамауға алу және айыппұл төлеу себептері жойылады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.
Полиция жыл басынан бері өңірде мотокөліктердің қатысуымен 14 ЖКО тіркелгенін, соның салдарынан 4 адам қаза тауып, тағы 14 адам жарақат алғанын атап өтті. Олардың 50% кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған.
– Рейдтік іс-шаралардың мақсаты – жеке жауапкершілікті еске түсіру, ЖҚЕ-ні мүлтіксіз сақтауға шақыру және жүргізу мәдениетін үйрету, – деп түйіндеді Қожахметов.