Павлодар полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды
Павлодар полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлер мен полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің ерліктері мен батылдықтарына құрмет көрсетеді. Іс-шара бір минут үнсіздікпен және Обелискке гүл шоқтарын қоюдан бастау алды.
Іс-шараға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары қатысты. Олардың қатарында Қанат Сармантаевтың әкесі де бар. Ол департамент басшылығының ұзақ жылдары бойы ұлының ерлігін ұмытпай, отбасына құрмет көрсетулері үшін үлкен ризашылығын білдірді.
– Қайғылы оқиға 28 жыл бұрын қылмыскерлерді ұстау кезінде болған. 1996 жылы 3 маусымда менің ұлым Қанат әріптесі аға жедел уәкіл Мейрам Дәулетовпен бірге қызметтік тапсырманы орындау үшін автокөлікпен қызметке шықты. Дзержинский мен Максим Горький көшелерінің қиылысында, «Кристалл» дүкенінің жанында олар іздеуде жүрген қылмыскерге ұқсайтын адамды байқап, оны ұстауға тырысты. Алайда қылмыскер кенеттен тапанша алып, ұлыма және оның әріптесіне оқ атты. Алған жарақаттардан Мейрам Дәулетов пен Қанат оқиға орнында қайтыс болды, – деп әкесі ұлын еске алды.
Қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Құрмет қарауыл ротасымен оқ атылды. Жеке құрам салтанатты шерумен өтті.
– Біздің қызметкерлер қызметтік борышын өтеу, бейбіт азаматтардың тыныштығын қорғау кезінде қаза тапты. Олар: Ахметқали Тезекбаев, Мейрам Дәулетов, Қанат Сармантаев, Асылбек Бижанов, Асан Нұржанов, Ербол Сембаев, Фарид Какабаев және Арли Харки. Бүгінгі таңда қаза тапқан әріптестерімізді еске ала отырып жүрегіміз аурады, алайда олардың ерліктері мен батылдықтарын мақтан тұтып, олардан үлгі аламыз. Күн сайын қызметтерімізді атқара отырып, қаза тапқандардың тізімі ешқашан толықпайтындай етіп қызмет етуіміз керек, – деп атап өтті Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.
– Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жас жігіттер өмірлерінің соңғы минутына дейін абыроймен Отанға, халыққа адал болуға берген анттарында берік тұрды. Мемориалдарда қызметкерлердің есімдерін мәңгі қалдыра отырып, оларға құрмет көрсетеміз және олардың нағыз батырлар екенін жастарға жеткізуміз керек. Қаза тапқандардың есімдері әрдайым осындай қиын қызметті таңдаған жас қызметкерлер үшін жарқын үлгі болады, – деді Ардагерлер кеңесі мен ұлттық ұланның төрағасы Бақберді Абраев.