Павлодар полицейлері жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың қауіпсіздігі туралы еске салды
Павлодар полицейлері жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың қауіпсіздігі туралы еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаменті оқушылардың бос уақытын алдын ала ұйымдастыру қажеттігі туралы ескертті.
– 2023 жылдың жазғы кезеңінде Павлодар мен Екібастұз аумағында кәмелетке толмағандар жасаған 15 қылмыс тіркелді. Себептерінің бірі – жасөспірімдердің жұмыспен қамтылмауы. Әдетте қылмыстар ересек ұйымдастырушылармен бірге жасалады. Сондықтан біз ата-аналарды сергек болуға және баланың қандай тақырыпта сөйлесетініне назар аударуға шақырамыз, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзина.
Ведомствода атап өткендей, жасөспірімдер көбінесе интернет-алаяқтық, сондай-ақ есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тәртіп сақшылары жазғы демалыс кезінде мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жасөспірімдердің бос уақытын заңнама нормаларын сақтай отырып қамтамасыз етуі керектігін айтты. Өз кезегінде полицейлер кәмелетке толмағандардың демалу, сауықтыру және жұмыспен қамту орындарында қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.