Павлодар полицейлері жазғы уақытта жасөспірімдерді бақылауды күшейтті
Жазғы демалыс кезінде балалар немен айналысатынын Павлодар қаласының ювеналды полициясының қызметкерлері анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Тек екі күнде, түнгі уақытта облыс орталығының көшелерінде 38 кәмелетке толмаған бала ұсталды, оның ішінде бір жасөспірім мас күйінде болды. Мәселен 14 жастағы жасөспірім кешкі уақытта Астана – Толстой көшелерінің қиылысындағы саябақта сыра ішкен. Түнгі уақытта сағат 23.00-ден кейін орталық жағалауда 8 кәмелетке толмаған заңды өкілдерсіз жалғыз болды. Кәмелетке толмағандар жіберген бұзушылықтар үшін барлық заңды өкілдер жауапқа тартылды,- деді Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Естеріңізге сала кетейік, 15-17 шілде аралығында республика аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара жасөспірімдер қылмысының алдын алу және ескерту, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында тәуліктің кешкі және түнгі уақыттарында құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында өткізіледі.
Облыс полицейлері балалар мен жасөспірімдердің жаппай болу орындарын тексеру жүргізіліп жатқанын, кәмелетке толмаған жасөспірімдерді спирттік ішімдіктерді, есірткі және уытты заттарды қолдануға тарту фактілерін анықтау тұрғысында күмәнді пәтерлерді, жиналу орындарын тексеруді ұйымдастырғанын, жасөспірімдерді ішімдік ішуге, есірткі және уытты заттарды қолдануға тарту фактілерін анықтау үшін құқық бұзушылықтар немесе оларды жасауға бейім, қараусыз қалған балаларды тексеру мақсатында іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.
Полиция азаматтардан егер осындай ақпарат болса немесе кәмелетке толмағандардың өмірлік қиын жағдайға тап болғанын білсеңіз, 102 нөміріне хабарласуыңызды немесе полицияның инстаграмдағы @dp_pavlodar директіне жазуыңызды сұрайды.