Павлодар тұрғындары дүкен алдындағы тазаланбаған мұздар туралы шағымданды
Павлодар тұрғындары полицияға дүкен алдындағы тазаланбаған мұздар туралы шағымданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы(Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 7 055 тұрғын жауапкершілікке тартылды.
20 желтоқсанда полицияға зейнеткер қоңырау шалып, Естай көшесіндегі азық-түлік дүкеніне баспалдақпен көтеріле алмағанын айтты.
– Баспалдақ мұзбен қапталған болды, мен бірнеше сатыға көтерілдім, жоғары көтерілу мүмкін болмады, бәрі мұздалған, – деп түсіндірді операторға қарт әйел.
Осы дүкенге келген полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес дүкен иесіне ескерту жасады. Дүкен иесі басқа қызметкерлермен бірге баспалдақтан мұзды алып тастап, сырғып кетпейтіндей жабын төседі.