Павлодар тұрғындары "Police 102" жүйесі арқылы құқық бұзушылықтар туралы хабарлай алады
Павлодар тұрғындары "Police 102" жүйесі арқылы құқық бұзушылықтар туралы хабарлай алады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Заманауи цифрлық технологиялар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Павлодар қаласында енгізілген "Police 102" омниканалды жүйесі арқылы тұрғындар полициядан жедел көмек сұрап, құқық бұзушылық туралы хабарлай алады. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы ережелерін бұзуға жол беруге болмайтынын ескертіп, кез келген заңсыз әрекеттің салдары болатынын атап өтеді. Егер азаматтар құқық бұзушылықтың куәсі болса, өз қауіпсіздігі мен айналасындағы адамдардың амандығы үшін дереу полицияға хабарласуы қажет.
Ел Президентінің "Цифрландыру – Қазақстан дамуының ажырамас құрамдас бөлігі" атты Жолдауын іске асыру аясында Павлодар облысының полиция қызметкерлері цифрлық технологияларды кеңінен қолдануда. Атап айтқанда, мобильді қосымша арқылы тұрғындар құқық бұзушылықтар туралы бейне, аудио қоңыраулар немесе мәтіндік хабарламалар жіберу мүмкіндігіне ие. Бұл жүйенің басты артықшылығы – полиция операторы оқиға орнында болып жатқан жағдайды онлайн режимінде көре алады, қоңырау шалушының орналасқан жерін жылдам анықтап, шұғыл әрекет ету шараларын қабылдайды.
Жақында аталған мобильді қосымшаға қала тұрғынынан Назарбаев даңғылында Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, төтенше жағдай туғызғаны туралы мәтіндік хабарлама түсті. Ақпарат жедел түрде автопатрульге жолданып, тәртіп сақшылары құқық бұзушыны анықтады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Егер сізге көмек қажет болса немесе жанжалдың куәсі болсаңыз, полицияға мобильді қосымша арқылы хабарласыңыз. Қоңырау шалу себебін, оқиғаның нақты мекенжайын көрсетіп, оператордың барлық сұрақтарына жауап беруге тырысыңыз. Байланысты бірінші болып үзбеңіз – оператор әңгімені аяқтағанға дейін күту қажет.
Құқық қорғау органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысының қауіпсіздігін нығайту бағытында үздіксіз жұмыс жүргізуде. Заңды бұзған әр адам өз әрекеті үшін міндетті түрде жауап беретінін есте сақтау қажет.