Павлодарда 1,5 мың тұрғын малды бақылаусыз жайғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды
Павлодарда 1,5 мың адам малды бақылаусыз жайғаны үшін әкімшілік жазаға тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мал ұрлығын жасауға ықпал ететін негізгі себеп – меншік иелерінің мал басына бақылауының болмауы. Үй жануарларын жайылымға жібере отырып, иелері малдың үйге өз бетінше оралатынына cенімді болып, оларды қараусыз қалдырады. Бұдан басқа республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың бойында қараусыз жайылып жүрген мал ЖКО-ға себеп болады.
Мысалы рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер Жетекші ауылының маңындағы тас жолда жылқы табынының еркін жайылу фактісін анықтады. Тәртіп сақшылары ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін меншік иесін анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
Айта кету керек, жыл басынан бері осындай бұзушылық үшін 1437 мал иесі жауапқа тартылды.
Ауылдық жерлерде мал көбінесе жалғыз табыс көзі. Күзгі-қысқы кезеңде мал ұрлығы көбейеді.
Полиция департаменті мал иелерін жайылымды ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ өз мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін өз бетінше шаралар қабылдауға шақырады. Мал таңбалау, қоралар мен жануарларды ұстау орындарын нығайту, жарықтандыру және мүмкіндігінше бейнебақылау камераларын орнату, жануарлардың жолдардың жанында болуына жол бермеу секілді шараларды қолдануға кеңес береді. Сонымен қатар барлық қолда бар мал басын ауыл әкімдіктерінде есепке қою, таңбалау, чиптеу қажет.