Павлодарда Абай Құнанбаев ескерткішінің ауласына қоқыс тастаған ер адам ұсталды
Павлодарда Абай Құнанбаев ескерткішінің ауласына қоқыс тастаған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Instagram» әлеуметтік желісінің мониторингі барысында Павлодар қаласының пабликтерінің бірінде Абай Құнанбаевтың ескерткіші ластанғаны және оның ауласында қоқыс жатқаны көрсетілген бейнеролик анықталды.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізді.
Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде құқықтық тәртіп сақшылары Павлодар қаласының жұмыс істемейтін 21 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Жігіт өзінің әрекетін қызымен ұрысып қалып, мас күйінде ашумен жасағаның түсіндірді.
Аталған факті бойынша ер адам ҚР ӘҚБК 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша жауапқа тартылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Осы баптың санкциясы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сонымен қатар қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін құқық бұзушы ҚР ӘҚБК 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша 5 АЕК айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.