Павлодарда алимент төлеуден жалтарған әке анықталды
Павлодарда алимент төлеуден жалтарған әке анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаменті алимент төлемейтіндердің орналасқан жерін анықтау жұмыстарына ерекше назар аударады. Кәмелетке толмаған балаларының алдында алимент бойынша берешегі бар ата-аналарды анықтау және ұстау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.
Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны алимент төлеу туралы сот шешімін орындамай, кәмелетке толмаған баласын асырауға миллион теңгеден астам қарыз болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 36 жастағы ер адам ұсталды.
Алимент төлеуден жалтарған азаматтар перзенттерінің алдындағы жауапсыздығын ақтау үшін түрлі себеп айтады. Сондықтан алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты алимент өндіріп алу туралы атқару құжатының талаптарын мәжбүрлеп орындауға бағытталған ең қатаң ықпал ету шаралары қабылданады. Заңнама нормаларын елемегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.