Павлодарда азаматтарға 15 млн теңге шығын келтірген күдікті құрықталды
Павлодарда алаяқтық жасап, азаматтарға 15 млн теңге шығын келтірген күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы мен «CiberPol» бөлімшесінің жедел қызметкерлері банк қызметкерлерінің көмегімен алаяқтық жасады деген күдікпен 25 жастағы павлодарлықты ұстады.
– Күдікті өз жерлестерінің сенімін асыра пайдаланып, жәбірленушілердің дербес деректерін иемденіп, екінші деңгейдегі банктерде тауарлық кредит ресімдегені анықталды. Тауар ресімделген дүкен қолма-қол ақша алуға көмектесті. Бұл ретте жазасыз қалуға үміттеніп, кәсіпкер қыз банк қызметкерлеріне жалған телефон нөмірлерін қалдырды, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полицейлер бүгінгі күні күдіктінің қармағына түскен осы өңірдің 10 тұрғыны полицияға жүгінгенін атап өтті. Шығынның жалпы сомасы шамамен 15 млн теңгені құрады.
Алаяқтық фактілері бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті жүкті болғандықтан бұлтартпау шарасы таңдалады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуаллық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.
Полиция департаменті Павлодар облысының тұрғындарына алаяқтыққа тап болған жағдайда 8-701-141-58-67 телефоны немесе «102» жедел арнасы арқылы полицияға хабарласуды сұрайды.
– Азаматтардан қырағы болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді сұраймыз. Ешбір жағдайда үшінші тұлғаларға өзінің дербес деректерін хабарлауға болмайды. Үшінші тұлғалар сіздің атыңызға алған несиелерден өзіңізді қорғау үшін несие тарихына мониторинг жүргізіп, ондағы қателер немесе дәлсіздіктер анықталған жағдайда жедел әрекет ету қажет, – деді полиция қызметкерлері.