Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда Азия ойындары мен SWAT Challenge жүлдегерлерін облыс әкімі марапаттады

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарының және Дубайда ұйымдастырылған VI халықаралық SWAT Challenge жарыстарының жүлдегерлерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға ие болды. Спортшыларымыз 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістікке павлодарлық спортшылар Роман Иванов пен Дарья Климина да өз үлестерін қосып, өңір абыройын асқақтатты. Облыс әкімі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтады.

– Сіздер – Павлодар облысының ғана емес, бүкіл елдің мақтанышысыздар. Жастарға үлгі болып, табандылық пен кәсіби шеберліктің арқасында биік белестерді бағындырып келесіздер, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Ақпан айы халықаралық деңгейдегі толағай табыстарымен есте қалды. Қазақстанның арнайы жасақ сарбаздары Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысында әлемнің 80 елінен келген 100-ден астам команданың ішінен үздік атанды. Бұл бәсекеде күміс жүлдені жеңіп алған аға лейтенант, ЖҚАЖ инспекторы Ризагүл Аңдасова Мемлекет басшысының қабылдауында болды.

Облыс әкімі өңірде спортқа әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, биыл спорттық бағыттағы іс-шараларды жаңа деңгейге көтеру жоспарланғанын жеткізді.

Кездесу соңында Асайын Байханов Азия ойындарының жүлдегерлеріне алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етті. Спортшылар өз кезегінде көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да ел намысын абыроймен қорғауға уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру