Павлодарда бағдаршамның қызыл түсіне өткен жүргізушілер айыппұл арқалады
Павлодарда бағдаршамның қызыл түсіне өткен жүргізушілер айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Катаев – Естай көшелерінің қиылысында Mercedes-Benz жүргізушісі тыйым салатын сигналды елемей, жүріп кеткен. Осындай фактіні тәртіп сақшылары Катаев – Толстой көшелерінің қиылысында да тіркеді. Nissan автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салу сигналын елемеді.
Полицейлер жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама жасады. Енді бұзушылар 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі керек.
– Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасаса, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Құрметті жүргізушілер! Ережелерді сақтаңыз, басқа жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді құрметтеңіз, – деді полиция қызметкерлері.