Павлодарда білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кеңес өтті
Павлодар облысында полиция департаментінде білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кеңеске облыс прокуратурасы мен білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Павлодар қаласындағы білім мекемелеріне бекітілген полиция қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында екі маңызды тақырып талқыланды: білім беру орындарындағы қауіпсіздік шаралары мен кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов өз сөзінде Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының басшыларына заңдылықты сақтау мен азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру міндетін жүктегенін атап өтті. Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын қазақстандық қоғамның идеологиялық және саяси ұстанымына айналдыру қажеттігі туралы сөзін баса айтқан ол, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, вандализмді, дөрекілік пен бұзақылықты жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру маңыздылығын еске салды. Әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Облыс прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды. Мектептерде құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажеттігі айтылды, бұл өңірдегі криминогендік жағдайды жақсартып, оқушыларға қауіпсіз орта құруға ықпал етеді.
Кеңестің қорытындысы бойынша оқушылар мен олардың ата-аналары арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларымен құқықтық тақырыпта дәрістер, әңгімелер және алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізу көзделді.
Мектептерге кіре берістерде учаскелік полиция инспекторларының байланыс деректерін және балаларға арналған «111» сенім телефоны туралы ақпаратты орналастыру ұсынылды.