Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда "Динамо" ДШСҚ балаларға арнап мереке ұйымдастырды

Павлодарда "Динамо" ДШСҚ балаларға арнап мереке ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Павлодар қаласында жарқын көңіл-күй мен шаттыққа толы "Динамо – Қазақстан балаларына!" атты көңілді старттар өтті. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға, отбасы институтын қолдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл іс-шара "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Мерекелік кештің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты спортқа баулу, денсаулықты нығайтудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ жастардың тыйым салынған заттардан, алкоголь мен вейп өнімдерінен бойын аулақ ұстауына ықпал ету.

Сайысқа ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің тәрбиеленушілері қатысты. Балғын қатысушылар белсенділік танытып, өз күшін, ептілігі мен командалық бірлікті жоғары деңгейде көрсетті. Бұл сайыстар балалардың әлеуметтік белсенділігін, сенімділігін арттырып, өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастырды. Нәтижесінде, басты жеңіс – достықтың жеңісі болды.

Балалар үшін нағыз тосынсый – полиция қызметінің сенімді серіктері, қызметтік иттер Буран мен Блонди болды. Төрт аяқты көмекшілердің көрсеткен өнері мен икемді әрекеттері балаларды тәнті етті. Әсіресе ақ түсті Блондидің мінсіз жүрісі көрермендерді еріксіз таңдай қақтырды.

Мерекелік күн тәтті сыйлықтармен жалғасты. "Эмиль" компаниясының балмұздақтары мен "Презент" дәмхананың дәмді тосынсыйлары балалар көңілін одан әрі көтеріп, мерекенің шырайын аша түсті.

Ауқымды шараны Павлодар облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, "Динамо" ДСҚ Павлодар облыстық филиалы мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырды. Сондай-ақ "Еркін Дүние" және "New Vision Team" қоғамдық ұйымдарының еріктілері белсене атсалысты.

Бұл игі бастама – балаларға деген қамқорлықтың, ізгі ниеттің және қоғамның ортақ жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Осындай мазмұнды шаралар балалардың жүрегіне үміт пен сенім ұялатып, олардың өмірінде жарқын естелік ретінде қалатыны анық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру