Павлодарда полицейлер есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша 11 айдың қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаменті "Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүйелі түрде жалғастыруда. Биылғы жылдың 11 айында өңірдің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 232 құқық бұзушылықты анықтады. Соның ішінде 124 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Заңсыз айналымға қатысы бар 67 адам ұсталды, олардың бесеуі ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері екені белгілі болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 542 келіден астам есірткі құралдары, психотроптық және күшті әсер ететін заттар, сондай-ақ есірткі құрамдас өсімдіктер тәркіленді. Сонымен бірге есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіруге қатысты 5 қылмыс тіркелді.
Өңірге есірткі жеткізудің 11 арнасы жабылып, интернет арқылы қылмыстық әрекет жүргізген төрт онлайн-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Заманауи цифрлық технологияларды қолдану нәтижесінде 1 836 есірткі ресурсы бұғатталды. Бұдан бөлек, 596 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды: оның 199-ы — тыйым салынған заттарды қоғамдық емес жерде қолдану, 343-і — көлікті есірткілік масаң күйде басқару фактілері.
Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстың үздіксіз жүргізілетінін атап өтті. Басты міндет — құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, есірткінің таралуына жол бермеу, азаматтарды нашақорлық қатерінен қорғау және қоғамда заң мен тәртіпке негізделген тұрақты идеология қалыптастыру.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.