Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда есірткі жасырмақ болған жастар ЖБО камераларына түсіп қалды

Павлодар қаласында есірткі жасырған жастар бейнебақылау камераларына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Заманауи технологиялардың көмегімен Жедел басқару орталығының (ЖБО) қызметкері сауда үйлерінің бірінің жанында күмәнді әрекет жасап жүрген жастарды байқап, олардың қозғалысын бақылауға алды.

Күмән тудырған әрекеттер ЖБО қызметкерінің оқиға орнына жақын маңдағы автопатрульді жіберуіне себеп болды. Бақылауды жалғастырған қызметкердің күдігі расталып, тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстауға кірісті. Полицияны көрген бойда ер адам қашуға тырысты, алайда тез арада қолға түсті.

Ұсталғандардың жанынан изолентаға оралған, арнайы лентаға байланған 10 орам тәркіленді. Кейін сараптама нәтижесі бұл заттың салмағы 44 грамнан асатын гашиш есірткісі екенін анықтады. Құқық қорғау органдары аталған дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Павлодар облысының полиция департаменті бұл жағдайдың құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-қимылы мен заманауи технологиялардың қылмыспен күрестегі тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

– Қылмыстық іс дер кезінде ашылып, күдіктілер бейнебақылау арқылы жылдам анықталды. Бұл – полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының нәтижесі, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Ведомство азаматтарды қырағылық танытып, күдікті әрекеттер туралы «102» телефонына немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады. Бұл қылмыстың алдын алуға және қоғамды қорғауға мүмкіндік береді.

«Заң және тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының қызметіндегі басты негіз. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін барлық құқық бұзушылықтар міндетті түрде жауапкершілікке тартылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру