Павлодарда есірткіге қарсы ауқымды акциялар өтіп жатыр
Халықаралық есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына қарсы күрес күнінде Павлодар облысында “Есірткісіз болашаққа!” атты ауқымды акция өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының Орталық жағалауында тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, онда қонақтар мен қатысушылар Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының, Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандарынан кеңес алып, сондай-ақ спорттық және зияткерлік сайыстарға қатыса алды.
Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының психологтары өзін-өзі қорғау және тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы әңгімеледі.
Акция аясында жаппай жеңіл атлетикалық жүгіру, жағажай футболы бойынша турнир, зияткерлік квест-эстафета және “Арманыңмен өмір сүр, есірткімен емес!” ұранымен жадынамалар таратылған стрит-акция өтті.
Іс-шараның бір бағыты ретінде есірткі жарнамасы бар граффитиді жою жұмыстары жүргізілді. Бұл шараға “Жастар Рухы” партиясы жастар қанатының еріктілері мен Республикалық психикалық денсаулық орталығының өкілдері қатысты.
Акцияның ерекше жылы және есте қаларлық сәттерінің бірі — кинологиялық қызметтің Блонди есімді қызметтік итінің бес жасқа толуы. Бірқатар есірткі қылмыстарын ашуда ерекшеленген төрт аяқты көмекшіні қатысушылар мен қонақтар қошеметпен қарсы алып, балалар қуана-қуана естелікке суретке түсті.
Іс-шара Ertis Promenade сахнасында өткен мерекелік концертпен аяқталды, онда бейнероликтер, спорттық жарыстар мен суреттер байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Қатысушылар Үздік бейнеролик үшін Павлодар қаласы әкімінен арнайы сыйлықты қоса алғанда, естелік сыйлықтар мен сыйлық сертификаттарын алды.
— Мұндай ауқымды акцияларды өткізу жастардың есірткісіз өмір мен денсаулыққа саналы көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Іс-шараға еріктілер, оқушылар, шығармашылық ұжымдар және түрлі қызмет өкілдері белсенді қатысатыны ерекше құнды, - деп атап өтті Қазақстан Республикасы ІІМ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесінің мүшесі Ризат Рахымжанов.
Сонымен қатар өткізілген іс-шаралар барысында Ертіс ауданының полицейлері жасөспірімдерге заңсыз айналымнан алынған есірткі заттарын жою процесін көрсетті.
Жасөспірім ұлдар мен қыздар жедел-іс-шаралар кезінде тәркіленген 6 келі каннабиcті өртеу арқылы жою процесіне тікелей қатысты.
Іс-шара барысында жастарға есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары мен олардың денсаулыққа тигізетін зияны кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушыларға қылмыстық жауапкершілік жасы туралы еске салынды.
Қазақстан Республикасында қылмыстық жауапкершілік жалпы жағдайда 16 жастан басталатыны, ал ауыр және аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері үшін 14 жастан басталатыны атап өтілді.