Павлодарда есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өтті
Павлодар сервис және тамақтану колледжінде Қазақстан Республикасы ІІМ жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері мен Павлодар облысы ПД өкілдерінің қатысуымен есірткіге қарсы бағыттағы профилактикалық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында есірткіге тәуелділіктің алдын алу, жастарды есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына тартудың жолын кесу, сондай-ақ оларды сақтау, қолдану және тарату үшін қарастырылған құқықтық жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға қолданыстағы заңнама нормалары түсіндіріліп, тәжірибеден мысалдар келтірілді және жеке жауапкершілік пен саналы таңдау жасаудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар есірткі заттарын анықтауда қолданылатын Буран атты қызметтік-іздестіру итінің жұмысы көрсетілді. Студенттер иттің командаларды орындауын, тыйым салынған заттарды анықтау элементтерін және кинологиялық қызметтің жұмыс ерекшеліктерін көрді.
— Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қауіпсіз білім беру ортасын құру, — деп түсіндірді Павлодар облысы ПД жанындағы есірткі құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Гүлмира Шугабаева.
