Павлодарда кафе әкімшісі кальян шеккені үшін жауапқа тартылды
Павлодарда кафе әкімшісі кальян шеккені үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері рейд жүргізу барысында Академик Марғұлан көшесіндегі кафеде мекеменің 24 жастағы әкімшісімен кальян тұтыну фактісін анықтады. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
– Осы баптың нормалары темекі шегуді алдын алуға және шектеуге, соның салдарынан халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған, – деп атап өтті ювеналды полицияның аға инспекторы Әйгерім Сәбитова.
Қазақстанда темекі шегу туралы заңнама күшейтілгенін айта кету керек. Жаңа заңнамаға сәйкес, өз үйінен басқа барлық жерде кальян шегуге тыйым салынады.
Жыл басынан бері павлодарлық полицейлер белгіленбеген орындарда темекі шегуді бұзғаны үшін 440 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айта кету керек.