Павлодарда кәсіпкерлерге ҚАЖ мекемелерінің өндірістік әлеуеті таныстырылды
Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті №45 және №46 мекемелерінің өндірістік аймағына бизнес-қоғамдастық өкілдерінің көшпелі сапарын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы мен "Еңбек–Павлодар" РМК директорының қатысуымен өткізіліп, шағын және орта бизнес субъектілерімен ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Сапар барысында қатысушыларға ҚАЖ мекемелерінің кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігі, сондай-ақ бос өндірістік алаңдардың және шығарылатын өнім түрлерінің бар екендігі туралы ақпарат ұсынылды. Бизнес-қоғамдастық өкілдері мекемелердің өндірістік әлеуетімен және өндірісті орналастыру шарттарымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындар тарапынан жұмсақ жиһаз және металл конструкцияларын өндіру цехтарын ашуға қызығушылық білдірілді. Сонымен қатар кәсіпорындардың бірі өз қызметкерлеріне арналған арнайы киім тігуге тапсырыс беруді жоспарлап отыр.
