Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда киберполицейлер қаржылық қауіпсіздік бойынша дәріс өткізді

Павлодарда киберполицейлер қаржылық қауіпсіздік бойынша дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласының стадионында полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы ақпараттық технологияларды пайдаланып жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шара ұйымдастырды.

Акцияның негізгі мақсаты — халықтың, әсіресе жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру. Полиция қызметкерлері күнделікті кездесулер өткізіп, интернет-алаяқтардың айласына түспеу үшін тұрғындарға практикалық кеңестер беруде.

Бүгін киберполицейлер жас футболшылармен кездесіп, жалған достардың алдау жолдары мен олардың қандай қауіп төндіретіні туралы нақты мысалдар келтірді.

— Кибершабуыл жасаушылар жасөспірімдерді жиі арбауына түсіріп, мәнін түсіндірместен, жылдам табыс табуға уәде береді. Біз бұл туралы ашық айту үшін келдік. Есіңізде болсын, қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Мысалы сізге танысыңыз келіп, оның банктік картасы бұғатталғанын айтып, "танысына" ақша аудару үшін сіздің көмегіңізді сұрауы мүмкін. Ол сіздің картаңызды пайдаланғысы келеді, ал біраз уақыттан кейін сіз өзіңізді "дропер" мәртебесінде табасыз, — деді Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаев.

Жас спортшыларға кең тараған алаяқтық тәсілдері — жалған сайттар, бот-банкирлер, криптовалютаға қатысты айла-амалдар және жеке деректерді заңсыз пайдалану жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ фишингті шынайы сервистерден қалай ажыратуға болатыны, жеке ақпаратты неге жарияламау керектігі және алданған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі айтылды.

Полицейлер цифрлық дәуірде қырағылық пен хабардар болу аса маңызды екенін атап өтті. Олар жастарды жеке деректерін қорғауға, күдікті әрекеттер туралы 102 нөміріне хабарлауға және абай болуға шақырды. Мұндай профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізілмек, себебі киберқылмыспен күрес полиция мен қоғамның тығыз ынтымақтастығын талап етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру