Павлодарда киберполиция 30-дан астан адамды алдаған интернет-алаяқтыққа күдіктіні әшкереледі
Павлодарда киберполиция 30-дан астан адамды алдаған интернет-алаяқтыққа күдіктіні әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен Павлодар облысының полицейлері көршілес өңірлердегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде интернет-алаяқтықпен айналысқан тұлғаларды әшкерелеу бойынша арнайы іс-шаралар жүргізді.
Бірлескен жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде киберполиция қызметкерлері ұрлық пен алаяқтық үшін жазасын өтеп жатқан 24 жастағы азаматтың заңсыз әрекеттерін тоқтатты. Тергеу мәліметінше, ол OLX платформасы арқылы Павлодар, Астана, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында коттедждерді жалға беру желеуімен азаматтарды алдаған.
Алаяқ төлем алу үшін камераластарына туыстарының банктік шоттарын пайдалануға көндіріп, олардың жақындарынан ақша аударымдарын қабылдатқан.
Қазіргі уақытта еліміздің түрлі өңірлерінен 30-дан астам жәбірленуші анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.