Павлодарда криминалистердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті
Павлодарда криминалистердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов ардагерлер мен қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Жампейсов өз сөзінде жедел-криминалистикалық қызмет Ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды құрылымдардың бірі екенін атап өтті. Оның ғылыми-техникалық бөлімдерден жедел-криминалистикалық басқармаларға дейінгі қалыптасу жолы үнемі жетілдірумен, заманауи технологияларды енгізумен тығыз байланысты.
Бүгінде ең күрделі қылмыстардың ашылуы криминалистердің мұқият әрі кәсіби жұмысына тәуелді. Көпшілікке қиын көрінетін міндеттер криминалистер үшін күнделікті қызметтің бір бөлігі.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Павлодар қаласы полиция басқармасының аға криминалисі Рахат Рамазановқа полиция подполковнигі шені берілді. Баянауыл ауданы полиция бөлімінің аға криминалисі Ернар Шакрат Ішкі істер министрінің грамотасымен марапатталды.

Сонымен қатар кәсіби мереке қарсаңында құқық қорғау саласына қосқан көпжылдық үлесі үшін ішкі істер органдарының ардагері Нұрлан Өскембаев Ішкі істер министрінің орынбасарының алғыс хатымен марапатталды
Сондай-ақ Сафуан Жампейсов департаменттің қалалық және аудандық бөлімшелерінің криминалистеріне грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.
