Павлодарда мас күйде трактор айдаған жүргізуші полицейлердің назарына ілікті
Павлодар облысының Май ауданына қарасты ауылдардың бірінде полицейлер ауыл шаруашылығы техникасын басқарып жүрген мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адам Т-40 тракторын мас күйінде басқарған.
– Трактордың қозғалыс мәнері күдік тудырды. Жүргізуші патрульдік көлікті байқап, қозғалыс бағытын өзгертпек болды. Тоқтау белгісі берілгеннен кейін тәртіп сақшылары оның көліктен шыққан ерекше иісті сезді. Сараптама қорытындысы бойынша, ер адамның жеңіл дәрежеде мас екені анықталды. Сонымен қатар 2023 жылдың наурыз айында ол көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылған болатын, – деді Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ринат Сартов.
Құқық қорғау органдары көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде рөлге отырған ауыл тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Айта кетейік, 2024 жылдың ішінде Павлодар жолдарында мыңнан астам мас жүргізуші ұсталған.