Павлодарда мас жүргізушілер жауапқа тартылды
Павлодарда мас жүргізушілер жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтауды ұдайы ескертіп келеді. Алайда бұл ережелерді елемейтін және өз әрекеттерімен жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіретін жандар әлі де кездесуде.
Облыс орталығында полиция қызметкерлері күдік тудырған бірнеше көлікті тоқтатты.
Мәселен, Торговая көшесі 3 мекенжайында Toyota Lexus автокөлігінің жүргізушісін медициналық куәландыру нәтижесінде есірткілік мас күйі анықталды.
Сондай-ақ Торайғыров көшесі 83 пен Н. Назарбаев даңғылы, 15 мекенжайларында Lexus-LX-470, BMW X5 және Toyota Carina көліктерінің жүргізушілері медициналық тексеруден өтіп, олардың алкогольдік мас күйінде болғаны расталды.
Бұдан бөлек, Катаев және Толстой көшелерінің қиылысында Toyota Yaris көлігін жүргізген автоледи де мас күйде ұсталды.
– Мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін барлық жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, материалдар сотқа жіберілді. Жыл басынан бері облыс бойынша 27 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған, оның 11-і Павлодар қаласында анықталды, - дейді Павлодар облыстық ПД.
Әкімшілік кодекске сәйкес, мұндай құқықбұзушылық жасаған тұлғалар 15 тәулікке қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады.
Полицейлер азаматтарға кез келген мас күйінде көлік жүргізуге заңмен қатаң тыйым салынғанын тағы да ескертеді. Егер сіз жол қозғалысы ережесін бұзу фактісінің куәсі болсаңыз, полицияға жедел түрде хабарласу қажет. Ол үшін:
- 102 нөміріне қоңырау шалу,
- «Police 102» мобильді қосымшасын пайдалану,
- Немесе @dp_pavlodar Instagram парақшасына хабарлама жіберу мүмкіндігі бар.
«Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдарының басты міндеті ретінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің сақталуына негіз болатынын көрсетті. Әрбір құқықбұзушы өз әрекеті үшін міндетті түрде жауапқа тартылады.