Павлодарда мемлекеттік нөмірі көрінбейтін көліктер анықталды
Павлодарда жол қауіпсіздігі мақсатында нөмірі ластанған көліктер тексерілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы кезеңде күрделі ауа райы жағдайларын ескере отырып, полиция қызметкерлері жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Оқылмайтын немесе ластанған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралымен қозғалу жол қозғалысы ережелеріне қайшы келеді.
Мәселен, Омбы – Майқапшағай автожолында мемлекеттік тіркеу нөмірі ластанып, оқылмай қалған DAF жүк көлігі анықталды. Сондай-ақ Павлодар қаласындағы Камзин мен Ломов көшелерінің қиылысында дәл осындай құқық бұзушылыққа жол берген Mazda автокөлігі тоқтатылды. Бұған қоса, Жетекші ауылында Hyundai Starex көлік жүргізушісінен де осыған ұқсас заңбұзушылық тіркелді.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ауа райы жағдайына қарамастан, көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі әрдайым таза әрі анық көрінуге тиіс. Себебі нөмірлік белгі көлік құралын жол қозғалысы кезінде сәйкестендіру үшін қажет. Оның оқылмауы немесе ластануы жол қозғалысы ережелерін бұзу болып саналады, ал мұндай жағдайда полиция қызметкерлері айыппұлды оқиға орнында салуға құқылы.
Жыл басынан бері өңірде стандарт талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын пайдаланғаны үшін 954 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 87 дерек оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі бар көлік құралын басқаруға қатысты. Барлық құқық бұзушыларға заңнамаға сәйкес айыппұл салынды.
"Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Бұл қағида азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Заң талаптарын бұзған әрбір тұлға өз әрекеті үшін міндетті түрде жауап береді.
