Павлодарда «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды
Павлодар облысының аумағында 2021 жылғы 15-19 ақпан аралығында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, заңсыз көші-қонның алдын алу, жолын кесу, сондай-ақ шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу тәртібі қағидаларын бұзуын анықтау мақсатында 2021 жылғы 15-19 ақпан аралығында облыс аумағында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
– Бұл күндері полицейлер учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде аулаларды және пәтерлерді аралайды, келу мерзімдерін бұза отырып тұратын шетелдіктерді анықтау, олардың құқықтық мәртебесін реттеу және оларды елден шығару бойынша шаралар қабылдау және тарту мақсатында жеке тұрғын үй секторын, саяжай алқаптарын, жатақханаларды тексеруге ерекше назар аударады. Елден шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтауға және жөнелтуге баса назар аударылатын болады. Бұл ретте, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Әзірбайжан сияқты шекаралас мемлекеттердің азаматтары болып табылатын оларға қатысты сот шешімдері бар шетелдік құқық бұзушыларды 100% шығарып жіберу болады, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері тұрақты тұратын және уақытша келген шетелдіктер, соның ішінде босқындар тұратын әкімшілік учаскелерде тексеру жүргізеді.