Павлодарда өткен жылы ұрлықтар саны екі есеге азайған
2020 жылы Павлодар облысында ұрлықтар саны екі есеге азайған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері мүліктік қылмыстардың ең көп тараған түрі – ұрлыққа қарсы күрес бойынша жұмыстарға ерекше көңіл бөледі.
Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, 2020 жылы Ішкі істер министрлігінің ұрлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бағдарламасын іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар ұрлықты, оның ішінде автокөліктен, пәтер ұрлығы, ұялы телефон ұрлығы мен мал ұрлығы фактілерінің санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Елдар Әбдікенов өткен жылы 231 ұрлық жасаған 67 қылмыстық топтың қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілгенін атап өтті. Ұрлық жасағаны үшін барлығы 1393 адам, оның ішінде 369 кәнігі ұры ұсталды.
Мәселен, бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу және ашу мақсатында қалалық бөлімшелердің жедел қызметкерлері «аймақтық» жұмыс әдісіне көшті және учаскелік полиция инспекторларымен өзара іс – қимыл жасаса отырып, қылмыстарды ашады, олар бекітілген учаскелердегі аумақты бақылайды, есепке алынған контингентті тексереді.
2020 жылы ломбардтардың иелерімен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, ломбардтардың, сауда үйлерінің, ірі дүкендер мен металл қабылдау пункттерінің иелерімен жұмыс кездесулері ұйымдастырылды, онда бейнебақылау камералары, дабыл және дабыл түймелерін орнату ұсынылды.
Азаматтарды хабардар ету үшін қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде қалта ұрыларының фотосуреті орналастырылып, қоғамдық көлікте 200-ге жуық бейнекамера орнатылды.
Сонымен қатар, Полиция департаменті қаланың саяжай массивтерін кавалериялық взвод күзетіп жүргенін, соның арқасында саяжайлардағы ұрлықтар санының 66,7% – ға төмендегенін атап өтті.
Өңірдің полицейлері мал ұрлығына қарсы іс-қимыл бойынша көлемді жұмыстар атқарды. Мәселен, өткен жылы 11 қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолы кесіліп, 59 мал ұрысы ұсталды, құны 51 млн. теңгеден астам соманы құрайтын 139 бас мал иелеріне қайтарылды.
Автокөлік ұрлығын ашу үшін де тиімді шаралар қабылдануда.
– Мысалы, өткен жылдың маусым айында біз Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында қымбат бағалы автокөліктерді ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты залалсыздандырдық. Ал қараша айында барсетка ұрлайтын екі азамат ұсталды, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып табылатын олар автокөлік салонынан бір миллион теңге ұрлаған, – деп хабарлады Департамент бастығының орынбасары.