Павлодарда ПД-ның 50 қызметкері ерікті түрде қан тапсырды
Павлодар облысының полиция қызметкерлері кезекті рет игі істің алдыңғы қатарынан табылып, ерікті түрде қан тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жолы облыстық полиция департаментінің орталық аппаратынан шамамен 50 қызметкер донорлыққа қатысып, адам өмірін құтқаруға бағытталған маңызды қадам жасады. Шара Павлодар қаласындағы қан құю орталығында өтті. Жиналған қан арнайы өңделіп, өңірдің түрлі медициналық мекемелеріне жіберіледі.
Полицейлер бұл әрекетті тек медициналық көмек емес, қоғамға үлгі боларлық қайырымды іс ретінде қарастырады. Донорлық – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында игі дәстүрге айналған.
– Құқық қорғау саласының қызметкерлері донор болудың маңызын жақсы түсінеді. Олар – әрдайым алғашқы болып оқиға орнына жетіп, адамның өмірі үшін күрестің қаншалықты маңызды екенін көзімен көреді. Қан жоғалту, күрделі жарақат немесе операция кезінде донор қаны – науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болуы мүмкін, – деп атап өтті Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметі.
Аққулы ауданының криминалисі Нұралы Жекенаев қан доноры ретінде бірнеше жылдан бері тұрақты қатысып келеді.
– Өзімді жақсы сезінемін. Қаным біреуге өмір сыйлайтынына сенемін. Донор болу – мен үшін азаматтық парыз әрі адамгершілік жолындағы таңдауыма айналған, – дейді ол.
Мұндай бастамалар қоғамға үлгі болып қана қоймай, жанашырлық пен жауапкершіліктің маңызын терең ұғынуға сеп болады.