Павлодарда полицейлер әлеуметтік желілер арқылы ЖҚЕ бұзылуын анықтайды
Павлодарда полицейлер әлеуметтік желілер арқылы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерінің (ЖҚЕ) сақталуын бақылау мақсатында күн сайын әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, көлік жүргізушілері тарапынан жасалған заң бұзушылықтарды анықтауды жалғастыруда.
Осындай бақылау барысында әлеуметтік желілердің бірінде Lexus автокөлігінің жүргізушісі кішкентай баланы алдыңғы орындыққа отырғызып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, көлік тізгіндеген сәті анықталған. Аталған құқық бұзушылық Павлодар қаласындағы Ақсұлу Сәтбаева мен Естай көшелерінің қиылысында орын алған. Тиісті ережелерге сәйкес, жолаушыларды тасымалдау талаптарын және қауіпсіздік белдігін пайдалану міндетін сақтамағаны үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында жолаушылар мен жүктерді тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдаланбау бойынша 2000-нан астам құқық бұзушылық тіркеліп, оларға тосқауыл қойылды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
– Құрметті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер! Жолда әрдайым мұқият әрі сақ болыңыздар! Жол қозғалысы ережелерін сақтау – өзіңіздің де, айналаңыздағы адамдардың да өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қараудың белгісі. Заңға бағыну – қауіпсіздік кепілі, – делінген полицияның үндеуінде.
"Заң және Тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары жұмысының басты ұстанымы ретінде қала береді. Бұл азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен жолдағы тәртіпті сақтауға бағытталған. Әрбір құқық бұзушы жасаған әрекеті үшін міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.