Павлодарда полицейлер бастауыш сынып оқушыларына қауіпсіздік сабақтарын өткізді
Павлодарда полицейлер бастауыш сынып оқушыларына жол ережелері мен буллингтің алдын алу туралы сабақ өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық сабақтың негізгі мақсаты – балаларға жол жүру ережелерін сақтаудың және айналадағы адамдарға құрметпен қараудың маңыздылығын түсіндіру болды.
Сабақ барысында тәртіп сақшылары оқушыларға жолды дұрыс кесіп өту тәсілдерін, бағдаршам мен жол белгілерінің рөлін, сондай-ақ жүргіншілер жолының маңында мұқият болу қажеттігін түсіндірді.
– Сонымен қатар сабақта буллинг мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Полицейлер балаларға түсінікті тілмен қудалау дегеннің не екенін, неге сыныптастарды ренжітуге болмайтынын және егер біреу мұндай жағдайдың куәгері немесе құрбаны болса, қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Олар достық, өзара көмек пен сыйластықтың мектеп ұжымындағы жақсы қарым-қатынастың негізі екенін атап өтті, – деді қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Нұрбек Түсіпов.
Өз кезегінде балалар да белсенділік танытып, сұрақтарға жауап беріп, көшедегі қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері жөніндегі білімдерімен бөлісті.
