Павлодарда полицейлер бос орындар жәрмеңкесін өткізуге атсалысты
Павлодар қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мансап орталығы ғимаратында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара әртүрлі ұйымдардың өкілдері мен түрлі салада мансап жолын құруға ниет білдірген жастарды бір арнаға тоғыстырды.
Тәртіп сақшылары патрульдік-бекеттік қызметтен бастап, тергеу және жедел басқармаларға дейінгі бөлімшелердің әлеуметтік пакеті, жеңілдіктері, мансаптық өсу мүмкіндіктері мен қызмет ерекшеліктері жайында кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет етуге қызығушылық танытқан азаматтарға жеке кеңес беріп, алдағы уақытта байланыс орнату үшін ақпараттық парақшалар таратты.
– Бүгінгі жәрмеңке біз үшін жастармен тікелей пікір алмасуға және мамандығымызға қатысты қалыптасқан кейбір стереотиптерді сейілтуге зор мүмкіндік. Біз әрқашан ашық диалогқа дайынбыз және қатарымызда жігерлі, мақсатты жандарды көруге қуаныштымыз, – деді полиция қызметкері Рустам Қизатов.