Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер депутаттармен бірлесіп, осал топқа жататын отбасыларға рейд жүргізді

Павлодарда полицейлер депутаттармен бірлесіп, осал топқа жататын отбасыларға рейд жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар қаласының полицейлері облыстық мәслихат депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, полицияның профилактикалық есебінде тұрған осал топқа жататын отбасыларды аралады.

Рейд барысында тәртіп сақшылары спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланатын ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, осындай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың тұрмыс жағдайымен танысты. Сонымен қатар делегация кәмелетке толмағандардың білім беру үдерісіне қатысуын және бос уақыттарының тиімді ұйымдастырылуын бақылауға алды.

Мәселен, бір отбасын тексеру барысында әйелдің мас күйде екені анықталды. Екі баласы бар бұл отбасының тұрып жатқан үйі санитарлық талаптарға сай емес: барлық жерде кір, қабырғалар сыланбай, үй жинаусыз қалған.

Барлық тіркелген осал топқа жататын отбасылар ерекше бақылауға алынды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар олардың жағдайын үнемі бақылап отырады. Егер жыл ішінде ешқандай оң өзгеріс болмаса, заң аясында төтенше шаралар қабылдануы мүмкін. Полицейлердің айтуынша, бала ең алдымен отбасында тәрбиеленуі керек, сондықтан олар ата-аналардың жауапкершілігіне үміт артады.

Балалардың заңды өкілдеріне әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескерту жасалды. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға тиісті көмектер ұсынылып, оны алу тәртібі түсіндірілді.

Полиция өкілдері барлық ата-аналарға үндеу жолдап, балаларды өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда қалдырмауды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру