Павлодарда полицейлер ерекше челлендж бастады
Павлодарда полицейлер ерекше челлендж бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы Солтүстік полиция бөлімінің аға инспектор-психологы Виктория Вагнер ерекше челлендж бастап, ұжымды бірлікке үндеді. “Көңіліңнен шығатын адамды құшақтаңыз…” деген атаумен өткен бұл бастама — ұжым ішіндегі жылылық пен қолдауды арттыруға бағытталған.
– Достыққа негізделген осындай интерактивті тәсіл әріптестердің бір-біріне назар аударуына, оларды жаңа қырынан тануына мүмкіндік берді. Көпшілігі жолдастары туралы жылы сөз айтып, күлімдеп құшақтасты. Біреулер бірнеше әріптесін қатар құшақтап, жағымды тосын сый жасады, – дейді Виктория Вагнер.
Психологтың айтуынша, мұндай қарапайым, бірақ шынайы әрекеттер жұмыс орнындағы моральдық ахуалды жақсартып, эмоциялық шиеленісті азайтуға ықпал етеді. Ол сонымен қатар ұжым тек міндет пен тәртіпке ғана емес, адами қарым-қатынасқа да негізделуі керек екенін еске салады.
Челлендж эстафетасы Солтүстік полиция бөлімінен Екібастұз қалалық полиция басқармасына жолданды.