Павлодарда полицейлер "Есірткіге қарсы болсаң – құшақтасайық!" ұранымен акция өткізді
Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні аясында Павлодар қаласының орталық жағалауында ерекше әсерлі акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Есірткіге қарсы болсаң – құшақтасайық!" ұранымен өткен бұл шараны полицейлер ұйымдастырды.
Жылы көңіл-күй мен позитивке толы акция тұрғындар мен қала қонақтарына есірткісіз өмірдің жарқын жақтарын ұғындыруды мақсат етті. Шараның басты кейіпкері — мейірімді әрі көңілді аю бейнесіндегі кейіпкер болды. Ол жағада серуендеп жүрген адамдарды құшақтап, жағымды эмоция сыйлап, мейірім мен қолдауға негізделген салауатты өмір салтын насихаттады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір құшақтасу – қоғамдағы бірлік пен қолдаудың, саналы таңдау мен салауатты өмірге бетбұрыстың символына айналды.
Бұл игі бастамаға "New Vision Team" қоғамдық қоры мен Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы қолдау көрсетті. Акция көпшіліктің жүрегінен орын алып, жылы естелікке айналды.