Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады

Павлодарда полицейлер ІІО ардагерін мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінде ардагерлерді тек кәсіби мерекелер қарсаңында ғана емес, сонымен қатар өмірлеріндегі маңызды күндерде де елеусіз қалдырмай, әрдайым ерекше ілтипатпен құрметтейді.

Осы жолы полиция департаментінің басшылығы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы ішкі істер органдарының ардагері Толеш Иманжапаровты 90 жасқа толуымен құттықтады.

Толеш Иманжапаровты Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орумбаев департамент басшылығы мен жеке құрамының атынан құттықтады.

– Бүгін біз сізге шын жүректен алғысымызды білдіріп, құрмет көрсетеміз. Сіз өміріңізді азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға, заңдылықты қамтамасыз етуге және қылмыспен күреске арнадыңыз. Сіздің өмірлік және кәсіби тәжірибеңіз – құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері үшін патриотизм мен Отан алдындағы борышты сезінуге баға жетпес үлгі. Осы айтулы күні сізге зор денсаулық, ұзақ өмір, бақыт пен отбасылық амандық тілейміз. Жақындарыңыз әрдайым жаныңызда болып, өмірге деген сүйіспеншілігіңіз ешқашан сөнбесін! – деді Жандос Орумбаев.

Сондай-ақ ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев мерейтой иесінің өмірбаянын айтып, оның құқықтық тәртіпті нығайту жолындағы еңбегін ерекше атап өтті. Ол Толеш Иманжапаровқа "ІІМ Құрметті ардагері" төсбелгісін және алғыс хат табыстап, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр мен отбасылық бақыт тіледі.

Толеш Иманжапаров ішкі істер органдарында 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарған. Ол қылмыстық-іздестіру, тергеу және ақпараттық-техникалық қызметтің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан.

Қызмет жолын 1961 жылы Ақтоғай аудандық ІІБ-де учаскелік инспектор болып бастап, кейін Екібастұз қаласында тергеуші, аға тергеуші болып жұмыс істеген. 1976–1978 жылдары осы бөлімнің бастығының орынбасары, 1978–1983 жылдары Май аудандық ІІБ бастығының орынбасары, ал 1983 жылы Баянауыл аудандық ІІБ бастығының орынбасары қызметін атқарып, 1988 жылы полиция подполковнигі шенінде зейнетке шыққан.

Көп жылдық адал еңбегі үшін "ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін" І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, "Еңбек ардагері" медалімен және "Полиция үздігі" төсбелгісімен марапатталған.

Қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болған ардагер құқық қорғау саласының дамуына зор үлес қосты.

Іс-шара соңында ардагерлердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерейтой иесі мен оның туыстарына арнайы шығармашылық нөмірлер ұсынылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру