Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер ірі көлемдегі алаяқтықты әшкереледі

Павлодарда полицейлер ірі көлемдегі алаяқтықты әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы полиция департаментінің Instagram парақшасына (@dp_pavlodar) азаматтардан алғыс хаттар тұрақты түрде келіп түсіп жатады. Жуырда сондай бір хат Қарағанды қаласының тұрғыны Әнуар Чекеден жолданды. Ол өз үндеуінде Павлодар өңіріндегі киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлеріне кәсіби әрі жедел жұмысы үшін шынайы алғысын білдірді.

Әнуар Чекенің айтуынша, 27 мамыр күні өзін "Энергоцентр" мекемесінің қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар белгісіз нөмірден хабарласып, 1414 қысқа нөмірінен келген СМС-кодты сұраған. Сақтық танытпаған азамат кодты айтып қойған. Көп ұзамай өздерін банк өкілдеріміз деп таныстырған тағы бір қоңырау келіп, атынан несие рәсімделіп жатқанын айтып, нұсқаулар берген. Осылайша ол екі түрлі банктен жалпы сомасы 3,5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп, қаражатты алаяқтар ұсынған шотқа аударып жіберген.

Кейіннен өз әрекетінің алаяқтардың құрбанына айналғанын түсінген азамат банктерге жүгінгенімен, қаражаттың қолма-қол алынып кеткенін білген. Алайда күтпеген жерден павлодарлық полиция қызметкерінен қоңырау келіп, күдіктінің қаланың банкоматтарының бірінде ұсталғанын естіген.

Киберқылмыспен күрес қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жәбірленуші ұрланған ақшасын толық көлемде қайтарып алған.

— Бұл – өз ісінің нағыз шеберлері. Барша ұжымға мықты денсаулық, қызметтерінде табыс және осындай күрделі, бірақ маңызды істе сәттілік тілеймін, — деп ризашылығын білдірді Әнуар Чеке.

 

— Азаматтардың құқықтарын қорғау мен қылмыспен күрес – біздің басты міндетіміз. Ал тұрғындардың алғысы – ең үлкен марапат, — дейді полиция департаментінің өкілдері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру