Павлодарда полицейлер медицина қызметкерлерімен кездесті
Павлодарда полицейлер медицина қызметкерлерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында емхана қызметкерлерімен кездесу өтіп, онда цифрлық сауаттылықты арттыру, қаржылық қауіпсіздік пен құқықтық білім мәселелері талқыланды.
Іс-шара барысында азаматтар жиі тап болатын алаяқтықтың кең тараған түрлері жайында айтылды. Әсіресе телефон және интернет алаяқтық тәсілдері, сондай-ақ жеке деректерді қорғау әдістеріне ерекше назар аударылды.
Жеке деректердің қауіпсіздігі, антивирустық бағдарламаларды қолдану және бейтаныс қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігі де кеңінен түсіндірілді. Кездесу медицина қызметкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Көптеген қатысушы киберқауіпсіздікке қатысты өз оқиғаларымен және алаңдататын тұстарымен бөлісті.
– Мұндай профилактикалық кездесулер халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Айта кету керек, осындай шаралар тұрақты негізде өткізіледі және түрлі санаттағы тұрғындарды қамтиды. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және қоғамдық орындарда, ұжымда өзара құрмет пен түсіністік нормаларын сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.