Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер мектеп оқушыларымен кездесті

Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында полицейлер жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқушыларға ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын тәртіп пен талаптар, түсу емтихандары қалай және қашан тапсырылатыны, қызметтің артықшылықтары мен түлектердің болашағы туралы айтылды.

Бүгін мектеп түлектерімен кездесу барысында Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Елеутаев құқық қорғау органдарының қызметі туралы айтып берді.

– Сіздер үшін соңғы қоңырау соғылатын сәт жақындап қалды. Алда жоғары оқу орнын таңдау міндеті тұр. Мен де сіздер сияқты мектеп оқушысы болдым, өз алдыма мақсат қойып, мансап жолымды жоспарладым. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарында қызмет етемін және бұл мамандығымды мақтан тұтамын. Біздің жұмысымыз қызықты әрі жауапты. Күн сайын азаматтармен кездесіп, қажет болған жағдайда оларға қолдау көрсетеміз, құқық бұзушылықтардың алдын аламыз. Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, – деді Азамат Елеутаев.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері оқу орындарына түсу шарттары мен ережелерін түсіндіріп, талапкерлерге қойылатын негізгі талаптарды атап өтті. Сонымен қатар қатысушылар ІІМ жүйесінің білім беру мекемелерінде оқу әскери қызмет өткеруге теңестірілетінін және оқу бітірген түлектерге полиция лейтенанты арнайы атағы берілетінін білді.

Іс-шара еркін форматта өтті. Түлектер полиция қызметіне қатысты сұрақтарын қойып, толық жауаптар алды. Сондай-ақ заңнама бойынша кеңестер берілді.

– Полиция қызметкерлерімен тікелей сұхбаттасып, өзекті ақпарат алу – біз үшін өте маңызды әрі қызықты болды, – деп бөлісті оқушылар өз әсерлерімен.

Кездесу соңында арнайы жасақ қызметкерлері өз шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар оқушылар патрульдік полицияның жұмысымен танысып, қызметтік көліктерге отырып, арнайы құралдарды қолдарымен ұстап көрді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру