Павлодарда полицейлер мен еріктілер есірткі граффитилерді жоюға белсене атсалысуда
Павлодарлық еріктілер полициямен бірлесіп, қаланы есірткіге қарсы күресте қолдап, есірткі граффитилерді жоюға белсене атсалысуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл – олардың туған қаласына деген сүйіспеншілігі мен салауатты қоғамға ұмтылысының айқын көрінісі.
– Мен Павлодарда туып-өстім. Мұнда менің жақындарым, достарым бар. Әр күнім белсенді өтіп жатыр – спортпен шұғылданамын, сүйікті істеріммен айналысамын. Сол себепті өз қаламның тазалығы мен амандығына бейжай қарай алмаймын. Наркограффитиге қарсы акцияларға үнемі қатысып, өз үлесімді қосып жүрмін, – дейді ерікті Данил Мясников.
Ал студент Вика Тимченко:
– Үш жылдан бері осында оқимын. Көшеде мақсатсыз жүрген жастарды жиі көремін. Олар өмірдің мәнін әлі таппағандай көрінеді. Денсаулықтары бар, қол-аяғы сау болса да, өмірін босқа өткізіп жатыр. Олардың есірткіге тәуелді болмай, отбасымен бірге бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын, – деп өз ойымен бөлісті.
Облыстық полиция департаменті нашақорлықпен күресте еріктілердің көмегі зор екенін атап өтуде. Қазіргі уақытта Павлодарда 300-ге жуық ерікті полициямен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Олар флешмобтар, велошерулер, граффитиді бояу акциялары арқылы жастарды салауатты өмір салтына шақыруда.
Биылдың өзінде 22-ден астам іс-шара өтіп, 300-ге жуық наркограффити жойылды. Сонымен қатар есірткімен байланысты құқықбұзушылықтар туралы Instagram желісіндегі @dp_pavlodar, @upn_pavlodar парақшалары мен Telegram-дағы "Көлеңкелі кейіпкер" ботына келіп түсетін хабарламалар да полицияның жұмысын жеңілдетіп отыр.
Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсеитов:
– Нашақорлық – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Онымен тек бірлесіп күрескенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деп атап өтті.
Сөз соңында ол қала тұрғындарын жақындарына мұқият болуға шақырып, қандай да бір күдік туындаса, 8 (7182) 39-10-38 сенім телефонына хабарласуға үндеді. Анонимдікке кепілдік беріледі.