Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер ойын алаңдарындағы тәртіпсіздіктерді қатаң бақылайды

Павлодарда полицейлер ойын алаңдарындағы тәртіпсіздіктерді қатаң бақылайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалардың ойнап, дамып, қоршаған ортамен қарым-қатынас орнататын сүйікті орны — ойын алаңдары. Алайда соңғы уақытта бұл орындар кейбір ересектер үшін спирттік ішімдік ішіп, көңіл көтеретін орынға айналып бара жатқаны алаңдатарлық жайт.

Мәселен, Павлодар қаласындағы Естай көшесінің тұрғыны полицияға хабарласып, ауладағы балалар алаңында бір топ адамның алкогольдік ішімдік ішіп, тұрғындардың ескертуіне балағат сөздермен жауап беріп жатқанын жеткізген.Осындай келеңсіз оқиға Лермонтов көшесіндегі тұрғындар тарапынан да тіркелді.

– Біздің ауламызда балалар ойнайтын алаң бар. Бірақ қазіргі көрініске қарап, бұл жер ойын алаңынан гөрі түнгі клуб немесе пабқа көбірек ұқсайды. Күн ыстық, терезелер ашық, ал алаңнан мас адамдардың айқай-шуы, балағат сөздері естіледі, – дейді қала тұрғыны.

Аталған екі факті бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Сонымен қатар жастармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Жалпы 2025 жылдың басынан бері облыс көлемінде қоғамдық орында спирттік ішімдік ішкені немесе мас күйінде қоғамдық орындарда жүргені үшін 5695 адамға шара қолданылған.

Полицейлер тұрғындарды қоғамдық тәртіпке бей-жай қарамауға шақырады. Егер аулада, кіреберісте, ойын алаңында немесе кез келген қоғамдық орында спирттік ішімдік ішіп отырған адамдарды көрсеңіз, дереу полицияға хабарласыңыз.

Айта кету керек, алкоголь өнімдерін тұтынуға тыйым салынған орындарға аулалар, кіреберістер, баспалдақ алаңдары, лифттер, медициналық және білім беру мекемелері, мәдениет ұйымдары, қоғамдық көлік және халық көп шоғырланатын басқа да орындар жатады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, азаматтардың қырағылығы кейде ауыр қылмыстардың алдын алуға себеп болуы мүмкін.

Алдын алу шарасы ретінде ойын алаңдарына алкоголь ішуге, темекі тартуға және қатты музыка тыңдауға тыйым салынатыны туралы арнайы ескерту тақтайшаларын іліп қою ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру