Павлодарда полицейлер отбасылық жанжалқойларды тексерді
Павлодарда полицейлер отбасылық жанжалқойларды тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 1 қыркүйектен бастап бастау алған "Учаске" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы нәтижелердің өзі атқарылып жатқан шаралардың тиімділігін айқын көрсетуде.
– Мұндай тексерулерден кейін көптеген әйелдер учаскелік инспекторларға алғыс білдіреді. Себебі ер азаматтарының мінез-құлқы оң бағытқа өзгеруде: бірі жұмысқа орналасып, енді бірі ішімдіктен бас тартты. Тіпті бір тұрғын ауласында гүлзар жасап, көршілерін қуантты. Полицейлер "отбасылық жанжалқой" санатында есепте тұрғандарды тексеріп жатыр. Бүгінде облыс бойынша төрт мыңнан астам адам осындай есепте тұр. Біз олармен, олардың отбасы мүшелері және көршілерімен әңгімелесу арқылы күнделікті өмірдегі, жұмыстағы және тұрмыстағы мінез-құлқын бақылап отырамыз. Бүгін маған балалар жүгіріп келіп, әкелерінің ішімдікті қойғанына қуанышты екенін айтты. Бұл – біз үшін үлкен нәтиже, – деді Павлодар қалалық прлиция басқармасының Солтүстік бөлімі бастығының орынбасары Ренат Шәріпов.
Ведомство мәліметінше, Павлодар қаласында дағдарыс орталығы құрылып, табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда құқық бұзушының қатысуымен отбасындағы келіспеушіліктердің себептері егжей-тегжейлі талданады. Агрессияға түрткі болатын мәселелерді шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдар тартылады. Мамандардың көмегімен көптеген отбасы сақталып, полицияға қайта-қайта түсетін зорлық-зомбылық туралы қоңыраулардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Жыл басынан бері полицейлер өмірлік қиын жағдайға тап болған 40-қа жуық әйелді дағдарыс орталығына орналастырып, олардың өздеріне және балаларына жан-жақты көмек көрсетті.
– Биыл сәуір айынан бастап агрессорларға психологиялық көмек көрсету тәжірибеге енгізілді. Соттың шешімімен 20 адам міндетті түрде психологиялық көмек алды, оның алтауы емдеу курсынан өтті. Талдау нәтижелері олардың қайталама құқық бұзушылыққа бармағанын көрсетті, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
"Учаске" іс-шарасы – сенімге негізделген алдын алу жұмысы. Полиция азаматтарды ынтымақтастыққа шақырып, заңды сақтаудың маңызын еске салады. Өйткені қоғам қауіпсіздігі әрқайсымыздан басталады.