Павлодарда полицейлер патриоттық эстафетаға қатысты
Павлодарда полицейлер патриоттық эстафетаға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс өңірі тәртіп сақшыларының спорттық шараларға белсене қатысуы соңғы жылдары игі дәстүрге айналып келеді. Бұл жолы да олар елдік пен ерлікті дәріптейтін ерекше жарысқа қатысып, өздерінің азаматтық борышын тағы бір мәрте абыроймен атқарды.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары "Батырларға тағзым. Ескерткіштен ескерткішке" атты эстафеталық марафонға қатысты. Ауқымды спорттық шараның басты мақсаты – ел қорғаған ерлерге құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және қазақстандық патриотизмді нығайту.
Эстафеталық жарыс Қаныш Қамзиннің ескерткішінен басталып, Малайсары батыр ескерткіші арқылы Даңқ ескерткішіне дейін жалғасты. Қатысушылар 7,2 шақырым қашықтықты бағындырды.
Эстафета барысында ҚР Мемлекеттік Туы мен Қазақстандағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ресми логотипі бейнеленген ту беріліп отырды. Бұл – тарихи жадымыздың символы ретінде ерекше маңызға ие.
– Өңірде бұқаралық спортты дамыту мен үшін азаматтық әрі кәсіби міндет. Дені сау, рухы мықты адам ғана елінің дамуына үлес қоса алады, – дейді жарысқа қатысушы полиция қызметкері Адай Берекетов.
Ал Тимур Ахметов есімді әріптесі өз әсерімен бөлісті:
– Марафон өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылардың бәрі шабыттанып, спорт рухымен қанаттанды. Керемет ауа райы, жақсы көңіл-күй, тамаша орта – бәрі осы жарысты ұмытылмас естелікке айналдырды. Денсаулықты сақтау – өз қолымызда, ал жүгіру – бұл нағыз тыныс. Біз әлі талай белесті бағындырамыз, бүгінгі марафон соған серпін берді, - деді ол.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, салауатты өмір салты – құқық қорғау органдары қызметінің күнделікті бөлігіне айналған. Физикалық тұрғыдан шыныққан, жинақы әрі сымбатты полицейлер қылмыстардың алдын алып, кәсіби тұрғыда шебер әрекет ете алады.
– Бүгінде Павлодар облысы полициясының жеке құрамында халықаралық деңгейде танылған кәсіби спортшылар жетерлік. Олардың жетістіктері ел игілігіне қызмет етуде, – деп атап өтті ведомство өкілдері.