Павлодарда полицейлер қайыр сұраумен айналысқан 3 мыңнан астам тұрғынды анықтады
Павлодарда полицейлер қайыр сұраумен айналысқан 3 мыңнан астам тұрғынды анықтады , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейбір азаматтар өмір сүру тәсілі ретінде көшеде кетіп бара жатқан адамдардың қыр соңынан қалмай ақша сұрайды, ал кейбірі бірдеңе сатып алуды ұсынады. Мұның бәрі әдетте халықтың наразылығын тудырады.
– Заң тұрғысынан мұндай құбылыс құқық бұзушылық ретінде жіктелуі мүмкін. Бұл әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамада бап қарастырылған, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Айта кету керек, қайыр сұрау адамдарды тым қыспаққа алып, қыр соңынан қалмаған жағдайларда және немесе кәмелетке толмағандарды тарта отырып жасалған болса ғана жазаланады.
Мысалы полицияға Павлодар қаласының тұрғыны М. Жүсіп көшесіндегі жол бойында қайыр сұрап отырған ер адамға шағымданды. Басқа жағдайда полицияға қалалық дүкендердің жанында өтіп бара жатқан адамдардан ақша сұраған ер адамға қатысты ақпарат түсті.
Осы фактілер бойынша құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
– Қайыр сұрау құқық бұзушылық болып табылады және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолдануға әкеп соғады. 2024 жылдың басынан бері құқықтық тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда тиіскені үшін 3631 адамды жауапқа тартты, – деп түйіндеді Руфат Кенжин.